Конституцияда айқындалған басымдықтар» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді.
Тәрбие жұмысы аясында 11-сыныптарда «Білім беру — мемлекеттік саясаттың басты құндылығы: жаңа Конституцияда айқындалған басымдықтар» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізілді.
Сынып сағатының мақсаты – оқушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының мазмұнын түсіндіру, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.
Міндеттері:
жаңа Конституцияның негізгі қағидаларымен таныстыру;
оқушылардың құқықтары мен міндеттері туралы түсініктерін кеңейту;
заңға бағыну мәдениетін қалыптастыру;
«Адал азамат» құндылығын дамыту.
Сынып сағаты барысында оқушылармен қазіргі қоғамда және мемлекет өмірінде білімнің алатын орны туралы әңгіме жүргізілді. Оқушылар білімнің не себепті ел дамуының стратегиялық ресурсы болып саналатынын талқылады. Жаңа Конституциядағы әрбір азаматтың білім алуға құқығы бекітілгені және мемлекет тарапынан оның қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету міндеті ерекше атап өтілді.
Талқылау барысында оқушылар мемлекеттік саясаттың тек білімге қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмей, оны жаңғыртуға, цифрлық технологияларды дамытуға, дарынды жастарды қолдауға және мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталғанын білді. Сондай-ақ білімнің елдің экономикалық және әлеуметтік дамуына әсері мысалдар арқылы қарастырылды.
Оқушылар өз өмірлеріндегі білімнің маңызы туралы ойларымен бөлісіп, болашақ мақсаттары мен жоспарларын сапалы білім алумен байланыстырды.
Сынып сағатының қорытындысында оқушылар мынадай тұжырымдарға келді:
білім – жеке тұлғаның да, мемлекеттің де табысты болашағының негізі;
Конституция білім алу құқығын кепілдендіріп, оны ел дамуының басым бағыты ретінде айқындайды;
әр адам өз біліміне жауапты болып, өзін-өзі дамытуға ұмтылуы қажет;
сапалы білім кәсіби өсуге және қоғам өміріне белсенді қатысуға мүмкіндік береді.
Өткізілген сынып сағаты оқушылардың дүниетанымын кеңейтіп, білімге деген саналы көзқарасын қалыптастыруға және өздерін елдің болашақ азаматы ретінде түсінуіне ықпал етті.
Дата публикации: 08.04.2026